2021 жылдың 19 қарашасында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Жамбыл облысы бойынша филиалы мен Жамбыл облысының жобалық басқару және цифрландыру орталығы ұйымдастырған «Жобалық менеджмент: ISO 21500 сертификациясына дайындық» тақырыбындағы семинар болып өтті.
Семинар-тренингке Жамбыл облысы әкімдігі басқармаларының қызметкерлері мен Жобалық басқару және цифрландыру орталығының жобаларды әзірлеу, жүзеге асыру, мониторингілеу және бағалау қызметіне жауапты мамандары қатысты. Семинарды ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясы Қолданбалы зерттеулер және халықаралық әріптестік орталығының басшысы, экономика ғылымдарының кандидаты, жобалық менеджмент саласындағы ҚР СТ ISO Ұлттық стандарттары бойынша тренер-кеңесші, PRINCE2, PRINCE2 Practioner, Scrum-Master бойынша аккредиттелген тренер Анар Сатыбалдықызы Есенгелдина жүргізді. Семинар барысында ҚР СТ ISO 21500-2014 «Жобаларды басқару бойынша басшылық» ұлттық стандарты бойынша сертификаттауға дайындық жұмыстары жүргізілді.
2021 жылдың 20 қарашасында академияның Мемлекеттік басқарудағы жобалық менеджментті дамыту орталығы басшысының орынбасары Злобин Бакыт Николаевич келіп, тыңдаушыларымызды аталған стандарт талаптарының сәйкестігіне сертификаттаудан өткізді.
Еске сала кетер болсақ, академия филиалының жұмыс барысымен танысуға келген Жамбыл облысының әкімі Б.М. Сапарбаев пен осы мақсатта іссапармен аймаққа ат басын тіреген академия ректоры Е.Қ. Әбіл аталған семинардың ашылу салтанатында тыңдаушыларға сәттілік тілеген болатын. Әрбір жаңа жоба болашаққа деген жаңашыл көзқарас. Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында тыңдаушыларымыздың сынақтан сәтті өтіп, облысымыздағы сертификатталған мамандар қатарының көбейуі біз үшін де үлкен абырой. Себебі, филиал қызметкерлері өңірді дамыту жолында жүрген мемлекеттік қызметшілердің сапасын арттыруда әрқашан ізденіспен еңбек етеді. Филиал алға қойған мақсаттарына жетуге тың талаптарды жетілдіріп, ілгерілеудің сүре жолдарын салуға әрдайым пәрменді және дайын.